Ғылыми журналы туралы ереже

«Құқық қорғау органдары академиясының Жаршысы»
ғылыми журналы туралы ереже

1. Жалпы ережелер

1. Осы Ереже «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі № 451 Заңына, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы № 6-1 Заңына сәйкес әзірленді.
2. Ережеде «Құқық қорғау органдары академиясының Жаршысы» ғылыми журналының (бұдан әрі – Жаршы) құқықтық ережесі, мақсаты, өкілеттіктері, басқару тәртібі, ұйымдастыру-техникалық талаптары, әдеп нормалары, қызметін тоқтату негіздері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының (бұдан әрі – ҚР) заңнамасында Жаршы туралы ережені реттеу мәніне жатқызылған өзге де ережелер айқындалады.
3. Жаршы ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының (бұдан әрі – Академия) ресми мерзімді баспа басылымы болып табылады, жылына төрт рет шығарылады.
4. Жаршының иесі және құрылтайшысы Академия болып табылады.
5. Жаршы ҚР Бас Прокурорының 2021 жылғы 03 ақпандағы № 14 бұйрығымен бекітілген Академия Жарғысының 18-тармағының 10) тармақшасына сәйкес шығарылады.
6. ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінде 2016 жылғы 25 сәуірдегі № 15969-Ж (мерзімді баспасөз басылымы), 2017 жылғы 01 шілдедегі № 16600-СИ (желілік басылым) тіркеу туралы куәлік.
7. Білім және ғылым саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның 2019 жылғы 17 сәуірдегі (№396 бұйрық), 2021 жылғы 28 қаңтардағы (№52 бұйрық (ҚБП) шешімімен Жаршы ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне енгізілді.
8. Жаршы ISSN сериялық басылымдарын тіркеу жөніндегі халықаралық орталықта тіркелген (ЮНЕСКО, Париж, Франция), № 2518-7252 ISSN баспа нұсқасының индексі бар.
9. Жарияланым тілі – қазақ, орыс, ағылшын.
10. Жаршының негізгі мақсаты құқық қорғау қызметі, заң ғылымы және халықаралық құқық саласындағы өзекті іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жариялау, сондай-ақ оқырмандарды ғылыми әзірлемелерді енгізудің озық әлемдік тәжірибесімен таныстыру болып табылады.
11. Жаршының ғылыми жарияланымдарында жоғары дәйексөз индексі бар авторлардың географиялық әртүрлілігі қамтамасыз етіледі.
12. Жаршы қазақстандық ғылыми-ақпараттық жүйенің бөлігі ретінде мынадай міндеттерді шешуге қатысады:
1) құқық қорғау қызметін және құқықтың әртүрлі салаларын дамыту және жетілдіру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау мақсатында отандық және шетелдік заңнаманың, құқық қолдану практикасының қазіргі жай-күйін зерттеу;
2) мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың теориялық және эмпирикалық аспектілерін, шет мемлекеттердің заңнамасын және халықаралық құқықты талдау;
3) Қазақстан Республикасының және басқа елдердің құқық қорғау органдарының қызметіне салыстырмалы талдау жүргізу;
4) Жаршының тақырыбымен көзделген ғылыми салалардағы мамандардың ғылыми-зерттеу және ғылыми-практикалық қызметінің негізгі нәтижелерін көрсету;
5) практикалық қызметкерлер мен заң қоғамдастығын зерттеу нәтижелерімен таныстыру.
13. Жаршыдағы мақалалар ұсынылған материалдардың мазмұны мен проблемаларына байланысты ресімделетін айдарлар бойынша орналастырылады.
14. Нөмірде жариялауға бір мезгілде автордың бір ғана мақаласы және бірлескен авторлықтағы бір мақаладан артық емес қабылданады. Бір мақаланың бірлескен авторларының саны екіден аспайды.

2. Жаршының басқару органдары

15. Баспа стратегиясын, жарияланатын материалдардың өзекті тақырыбын айқындау, Жаршыны қалыптастыру және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды Редакциялық кеңес, Редакциялық алқа және Редакция жариялау процесінің этикалық нормаларына сәйкес жүзеге асырады (Жаршы туралы Ережеге 1-қосымша).
16. Жаршыны басқару дара басшылық пен алқалылықтың үйлесімі қағидаттарында жүзеге асырылады.
17. Редакциялық кеңес – Жаршының даму стратегиясын айқындайтын өкілді органы.
18. Редакциялық кеңестің құрамына халықаралық және/немесе отандық дәйексөз жүйелерінде дәйексөз келтірілетін отандық және шетелдік ғалымдар, білім беру, ғылыми және өзге де мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері кіреді.
19. Жаршының Редакциялық кеңесін Төраға – Академияның ректоры басқарады. Жаршының Бас редакторы Редакциялық кеңес Төрағасының орынбасары болып табылады.
20. Редакциялық кеңестің Төрағасы:
1) Жаршы туралы осы ережені бекітеді;
2) Жаршыға жалпы басшылықты жүзеге асырады;
3) Бас редакторды, Редакциялық кеңестің, Редакциялық алқаның және Редакцияның мүшелерін бекітеді;
4) Жаршыны «басып шығаруға» қол қояды және оны таратуға рұқсат береді;
5) Жаршының таралымы мен тарату тізімін бекітеді;
6) Жаршыда жариялау үшін ұсынылған даулы материалдарды қабылдау және қабылдамау мәселелері бойынша түпкілікті шешім қабылдайды;
7) жекелеген мәселелер бойынша өз өкілеттіктерін Бас редакторға береді.
21. Редакциялық алқа мен Редакция Академия, құқық қорғау органдары мен ұйымдар қызметкерлерінен құралады.
22. Редакциялық кеңес төрағасының орынбасары – Бас редактор:
1) Жаршының, Редакциялық алқаның және Редакцияның жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қолданыстағы заңнаманы және Жаршы туралы осы ережені басшылыққа алады;
2) рецензенттерді айқындайды және мақалаларды рецензиялау процесі мен мерзімдерін үйлестіреді;
3) Жаршының ғылыми бағыттарына сәйкес жетекші ғалымдар мен жоғары білікті мамандар мен сарапшыларды Жаршының мазмұны бойынша жұмысқа тартуға ықпал етеді;
4) Редакциялық кеңес төрағасының тапсырмаларын орындайды;
5) жариялауға қабылданған мақалалардың сапасы мен өзектілігін, Жаршының шығарылымдарын қалыптастыру және жариялау мерзімдерін бақылауды қамтамасыз етеді;
6) Жаршының макетін бақылап оқуды жүзеге асырады;
7) Жаршы сайтының жұмысына жетекшілік етеді;
8) Редакциялық кеңестің төрағасына Жаршының жоғары ғылыми деңгейін ұстап тұру және редакциялық-баспа қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді.
23. Редакциялық алқа мүшелері:
1) рецензенттердің пікірін және осы Ереженің 27-тармағында баяндалған талаптарды ескере отырып, ұсынылған мақалаларға бағалау жүргізеді, Бағалау парағын толтырады (осы Жаршы туралы Ережеге 2-қосымша);
2) Редакциялық алқаның отырыстарына қатысады;
3) мазмұн сапасын арттыру және Жаршыны ресімдеу бойынша ұсынымдар әзірлейді;
4) ҚР мен шет елдердің ғылым мен практикалық қызметінің тиісті салаларында Жаршыны насихаттайды.
24. Редакция мынадай функцияларды жүзеге асыратын Жаршы шығару жөніндегі негізгі ұйымдық-техникалық құрылым болып табылады:
1) келіп түскен мақалалар мен оларға қоса берілетін материалдарды қабылдау және тіркеу жөніндегі жұмысты қамтамасыз етеді;
2) ұсынылған материалдарды Мақалаларды ресімдеу жөніндегі талаптарға сәйкестігін қарайды (осы Жаршы туралы ережеге 3-қосымша);
3) мақалаларды заңсыз көшіріп алу (плагиатқа қарсы) мәніне және Жаршының жариялау этикасына қойылатын техникалық талаптарға сәйкестігін тексереді;
4) Бас редактормен келісім бойынша мақалаларды рецензиялауға жібереді;
5) Редакциялық алқаның талқылауына Doc (Microsoft Word) форматында Жаршының әрбір нөмірінің макетін қалыптастырады және ұсынады;
6) Редакциялық алқаның отырыстарын ұйымдастырады және хаттамалайды;
7) Жаршыны тарату бойынша жұмыс жүргізеді;
8) Жаршының сайтын өзектендіреді.

3. Жаршыны қалыптастырудың мазмұны мен тәртібі

25. Материалдарды қабылдау және Жаршының нөмірін қалыптастыру келесі мерзімдерде жүзеге асырылады:
1) тоқсанның бірінші айы – жариялау үшін материалдар қабылдау;
2) тоқсанның екінші айы – Редакциялық алқа мен Редакцияның Жаршы нөмірін қалыптастыру жөніндегі жұмысы;
3) тоқсанның үшінші айы – Жаршының макетін баспаханаға беру, тираждау.
26. Мақалаларды қарау, бекіту және қабылдамау тәртібіне қойылатын жалпы талаптар:
1) бұрын басқа басылымдарда, басқа тілдерде жарияланбаған материалдар қабылданады;
2) бұрын жарияланған нәтижелермен салыстырғанда жаңа ақпаратты қамтуы тиіс;
3) Жаршының сайтында орналастырылған және әрбір нөмірде жарияланатын талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізіледі;
4) Жаршы туралы осы ережеде айқындалған тәртіппен көшіріп алулардың (плагиатқа қарсы) бар-жоғына тексеру және рецензиялау жүргізіледі.
27. Мақаланың сапасына қойылатын негізгі талаптар:
1) Жаршының басым ғылыми бағыттарына сәйкес жұмыстың өзектілігі (мақалада сипатталған әдістер мен технологиялардың маңыздылығы, қолданылуы);
2) ғылыми жаңалығы мен әдіснамасы (қойылған зерттеу міндеттерінің өзіндік ерекшелігі, идеялары, шешімдері мен нәтижелері, тұжырымдардың дұрыстығы мен объективтілігі);
3) құрылымдылығы (міндеттерді, проблемаларды қою және шешу, баяндаудың айқындылығы, қисындылығы, дәйектілігі, баяндаудың жүйелілігі);
4) зерттеудің негізгі нәтижелерінің маңыздылығы (нәтижелерді баяндау, теориялық және практикалық маңыздылығы, қорытындылар, ғылыми-практикалық маңызы);
5) жұмыстың өзектілігі мен нәтижелерін бағалауға халықаралық/жаһандық көзқарас.
28. Авторлар мақалаларды Мақалаларды онлайн беру және рецензиялау жүйесінде «vestnik.academy-gp.kz» электронды мекенжай бойынша (бұдан әрі-жүйе), Мақаланы жариялауға өтінім нысандарын (осы Жаршы туралы ережеге 4-қосымша) және түпнұсқалығы әрбір өтініш және өтінімге белгіленген QR-кодпен расталатын Өтінішті (осы Жаршы туралы Ережеге 5-қосымша) толтыру арқылы ресімдейді.
Ғылыми дәрежесі жоқ авторлар ЖОО-ның қолы мен мөрі бар ғылыми жетекшінің/консультанттың рецензиясының сканерленген көшірмесін қоса береді.
Редакцияның сұрауы бойынша мақала ағылшын тілінде берілген кезде автор мақаланың қазақ немесе орыс тілдеріндегі нұсқасын ұсынады.
29. Редакция ресімдеу ережелеріне сәйкестігін тексергеннен кейін, мақаланы көшіріп алу (плагиатқа қарсы) бар-жоғын тексеру бойынша жұмыс жүргізеді. Түпнұсқа мәтіннің рұқсат етілген пайызы Академия ректорының 2018 жылғы 11 мамырдағы № 35 бұйрығымен бекітілген Көшіріп алу жұмыстарын жүргізу регламентімен анықталады.
30. Жаршы рецензияланатын журнал болып табылады, рецензиялау процесінде мақалаларды жариялау және оларды жақсарту бойынша нақты ұсыныстар беру үшін қатаң іріктеу жүргізіледі. Рецензиялау рәсімі мақаланың мазмұнын барынша объективті бағалауға, оның Жаршының талаптарына сәйкестігін айқындауға бағытталған және қарауға ұсынылған материалдың артықшылықтары мен кемшіліктерін жан-жақты талдауды көздейді.
Рецензенттер ретінде тәуелсіз отандық және шетелдік ғалымдар, тиісті салалардағы сарапшылар мен мамандар, Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен ғылыми қызметкерлері тартылады.
31. Рецензиялауды жүргізу алдында рецензент Мәліметтерді жария етпеу туралы келісімді толтырады (осы Жаршы туралы Ережеге 6-қосымша).
32. Рецензиялау процедурасы рецензент үшін де, автор үшін де анонимді («көрмей рецензиялау»). Рецензиялау Мақалаларды рецензиялау бойынша талаптарға сәйкес жүргізіледі (осы Жаршы туралы Ережеге 7-қосымша).
33. Рецензиялау мерзімі мақаланы жедел жариялау үшін жағдай жасауды ескере отырып айқындалады, бірақ күнтізбелік он бес күннен аспауға тиіс.
34. Рецензент жүйеде Рецензент толтыратын бағалау парағы нысанын толтырады (осы Жаршы туралы Ережеге 8-қосымша), оның түпнұсқалығы әрбір рецензияға белгіленген QR-кодпен расталады.
35. Мақаланы түзету немесе пысықтау жөніндегі ұсынымдарды рецензияда қамтыған кезде автор не мақаланы пысықтайды не оларды дәлелді түрде (ішінара немесе толық) жоққа шығарады. Пысықталған мақала немесе ескертулерді теріске шығару туралы ақпарат Редакцияға жіберіледі.
36. Қойылатын талаптарға сәйкес келетін мақалалар Редакциялық алқа мүшелеріне қарау үшін жіберіледі, кейіннен бағалау парағы Редакцияға ұсынылады, олардың түпнұсқалығы әрбір бағалау парағына белгіленген QR-кодпен расталады.
37. Редакция рецензиялау және бағалау парағының нәтижелері негізінде Редакциялық алқа мүшелерінің қарауына шығарылатын Doc (Microsoft Word) форматында Жаршының алдын ала макетін қалыптастырады.
38. Жаршыда жариялауға мақаланы мақұлдау немесе қабылдамау туралы қорытынды шешім Редакциялық алқаның отырысында дауыс беру арқылы қабылданады.
39. Редакциялық алқаның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі. Егер отырысқа оның құрамының кемінде жартысы қатысса, ол заңды деп есептеледі. Шешімдер отырысқа қатысып отырған мүшелердің жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады және хаттамамен ресімделеді.
Редакциялық алқа мүшелеріне отырысқа бейнеконференция нысанында қатысуға рұқсат етіледі.
40. Мақұлданған макет баспаға дейінгі дайындықты жүргізу үшін Редакцияға жіберіледі.
41. Баспаға дейінгі дайындық жүргізілгеннен кейін Жаршының сигналдық нөмірі дайындалады, оны Бас редактор Редакциялық кеңес төрағасының қарауына енгізеді.
42. Редакциялық кеңестің төрағасы Жаршының нөмірін жариялау туралы түпкілікті шешім қабылдайды, оның негізінде макет кейіннен көбейту үшін баспаханаға жіберіледі.
43. Электрондық мұрағат (PDF форматындағы мақалалардың баспа нұсқалары) Жаршының «vestnikacademy.kz» ресми сайтында ашық түрде жарияланады.
44. Жаршының міндетті тегін даналары ҚР ұлттық кітапханаларына және ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жіберіледі. Жаршының қосымша даналары Редакциялық кеңес төрағасының келісімі бойынша отандық және шетелдік мемлекеттік және құқық қорғау органдарына, ғылыми және білім беру ұйымдарына, Жаршының басқару органдарына жіберілуі мүмкін.
45. Жаршының басылымдарындағы материалдар жарияланған болып саналады және авторлық құқық объектілері болып табылады.
46. Авторлық құқық объектілерін құруға және пайдалануға, Жаршыны (сабақтас құқықтарды) ұйымдастыруға және таратуға байланысты туындайтын барлық қатынастар ҚР заңнамасына сәйкес реттеледі.
47. Ұсынылған материалдардың дұрыстығы мен мазмұны үшін автор жауап береді (зерттеудің түпнұсқалығы, келтірілген деректердің, фактілердің, дәйексөздердің, жеке есімдердің, географиялық атаулардың, фамилиялардың, инициалдардың және басқа мәліметтердің дұрыстығы мен дәлдігі).
48. Академия жариялау мерзімі бойынша міндеттеме алмайды. Егер материал авторға (авторларға) пысықтауға жіберілсе, онда қайта өңделген материал авторының (авторларының) қайтарылған күні келіп түскен күн болып есептеледі.
49. Жаршы Редакциясына мақалалар жіберу автордың (авторлардың) Жаршы жарияланымдарының кез келген тілінде жариялау және кейіннен қайта жариялау құқығына келісімін білдіреді.

4. Қорытынды ережелер

50. Қайта басып шығару кезінде Жаршыға сілтемелер қажет.
51. Мақалалардың бедерлері берілмейді, авторларға қаламақы төленбейді.
52. Ережеге өзгерістер мен толықтырулар Академия ректорының бұйрығымен бекітіледі.
53. Жаршыны қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешімді Академия қабылдайды не ҚР заңнамасына сәйкес жүргізеді.